Қаңтарда оққа ұшқан 4 жасар Айкөркемнің ісіне байланысты сот басталды

Сотқа Айкөркемнің әкесі мен БАҚ өкілдері кіргізілмеді


13/07/2023
17:08 16487 0

Фото: Ашық дереккөзден

13 шілдеде Алматы гарнизоны әскери сотында Қаңтарда оққа ұшқан 4 жасар Айкөркем ісіне байланысты «билік өкілетін асыра пайдалану» (451-бөлім, 2-бөлім) бойынша айыпталған А.И.Жұманның үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша алдын ала сот тыңдауы басталды. Бұл жөнінде Азаттық радиосы хабарлады. 

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, Айкөркемнің әкесін, БАҚ өкілдерін сотқа кіргізбеген. Айкөркемнің әкесі Айдос Мелдеханның сөзінше, сотқа баласы кірген.

– Ұлым әскери қызметкер, сондықтан рұқсат қағазы бар. Бірақ ол да жәбірленуші. Мен балаларымның заңды өкілімін, алайда мені сотқа кіргізбеді. Бір жарым жылда іспен де таныстырмады, – дейді Айдос Мелдехан.

Бұған дейін жәбірленуші жақтың адвокаты «тергеу органдары сәбидің өліміне жауаптыларды жазадан құтқарғысы келеді» деп санайтынын айтқан. Балалар отырған көлікке оқ жаудырған адамдар бұл іске куәгер ретінде қатысқан.

Былтыр Қаңтарда елде жаппай наразылық пен тәртіпсіздік кезінде оқ ату туралы бұйрық берілгеннен кейін көп адам оққа ұшқан. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев оқ ату жөнінде бұйрық бергенін 2022 жылы 7 қаңтарда мәлімдеген. Биліктің «террористер шабуылы» туралы мәлімдемесіне дәлел келтірілген жоқ. Қаңтар кезінде Айдос Мелдеханның балалары отырған көлікке оқ жауған. Оқиға кезінде оның 16 жастағы қызы жараланып, 4 жасар Айкөркем қаза болды. 8 жасар ұлы психологиялық шок алған.

 

Поделиться

Нет комментариев.

13/07/2023 17:08
16487 0

Уведомление